Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева айтты. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында басқарма басшысы облыстағы әлеуметтік жағдайларды баяндады.
«Биыл Түркістан облысында 42 781 отбасыны, яғни 240,4 мың адамды 18,8 млрд теңгеге АӘК қамтамасыз ету жоспарланды. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен 50,7 мың бала 3,8 млрд теңгеге, АӘК алушылардың еңбекке қабілетті 53 мыңға жуық адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде, жыл соңына дейін АӘК алушылардың жұмыспен қамту үлес салмағы 75,8 пайызға дейін артатыны, ал кедейлік деңгейі 10,7 пайыз аспайтындығы белгіленді», – деді Әсия Құралқызы.
Спикердің сөзінше, биыл 1 қыркүйекте облыста 32,1 мың аз қамтылған отбасыға 8,7 млрд теңгеге АӘК көрсетілген. Еңбекке жарамды 51 222 АӘК алушының 35 302 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, АӘК алушылардың 1-6 жасқа дейінгі 47,8 мың балаға 1,9 млрд теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама тағайындалған.
Сонымен қатар, АӘК алушылардың тағайындалған істеріне түгендеу барысында 22 мыңнан астам АӘК тағайындаулар тексерілді. Осы ретте заңсыз төленген 38,5 млн теңгенің 27 млн теңгесі бюджетке қайтарылды. Осындай жағдай мемлекеттік гранттарды беру заңдылығын тексеру кезінде анықталды. Нәтижесінде, заңсыз алған 18,1 млн теңгенің 11,2 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
Айта кетейік, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін облыста «Қамқорлық» бағдарламасы іске асырылуда. Оларға АӘК-мен қатар демеушілік көмек көрсетілуде. Осы бағдарлама аясында 1031 отбасыға демеушілер тарапынан 260,4 млн теңгеге көмек ұйымдастырылды. Ал 23 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.