Биыл халық жазушысы, қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туылғанына 90 жыл толды.
Түлкібас ауданындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектепте Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қордың ұйытқы болуымен «Тұғыры биік тұлға» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары М.Жанесен, аудан және Жамбыл облысының белгілі ғалымдары мен жазушылары және аудан зиялылары, мұғалімдер қатысты.
«Түркі әлеміне қызметі үшін сыйлықтың лауреаты», Абайтанушы М.Мырзахметұлы бастаған бір топ ғалымдар мен жазушылар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры М.Көпбаева, Тараз қаласындағы Шерхантану ғылыми зерттеу орталығының директоры Қ.Тамабаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доцент Т.Мұқашев және ҚР Журналистер Одағының мүшесі Е.Әбдиев бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгер Шерхан Мұртазаның шығармалары мен еңбегі жайында баяндамалар жасады.
Мерейтойлық жиында келген қонақтарға «Ұлттық құндылықтар-ұлт қазынасы» және «Ұлттық Рухтың жаршысы» атты тақырыпта қолөнер бұйымдары мен кітап көрмесі ұсынылып, мектептің мұражайы таныстырылды.
Айта кетейік, «Түлкібасы-тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер»-деген теңеудің авторы Шераға 1932 жылы еншілес Түлкібас пен Жуалы аудандары бір аудан болып тұрған шағында өмір есігін Талапты(Жуалы) ауылында ашқан.
Зұлматты жылдардың өзге де перзенттері сияқты, оның балалық шағы ашаршылық, қанды соғыс, репрессияға тарыған. Шерхан Мұртаза сегіз жасында мектепке барып, 1950-ші жылдардың басында орта білімін аяқтайды. Ал, 1955 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен диплом алған. 23 жасында журналист атанып, 26 жасында «Құрылысшы Дәку» атты кітабын жазып шығады. Бірақ, жаушылық пен журналистикадан бұрын, ақын боламын деген Шераға әдебиет сыншысы, драматург Зейнолла Қабдоловтың сынынан кейін өлең жазбай кеткен.
Осылайша, ол өз мамандығына сай, 1956-1963 жылдар арасында қазіргі «Жас Алаш», сол уақыттағы «Лениншіл жас» газетінің, қазіргі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болған. Ал, 1963 жылы «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып келген Шерхан Мұртаза 30 мың тиражды басылымды 130 мың тиражға жеткізген. Жалпы, 1963 жылдан бастап 1970 жылдар арасында «Лениншіл жас», «Жазушы» баспасы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Бертін келе, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болады. Бірақ, жаушылық пен журналистикадан бұрын, ақын боламын деген Шераға әдебиет сыншысы, драматург Зейнолла Қабдоловтың сынынан кейін өлең жазбай кеткен. Ойшыл жазушы ұзақ жылдардан бері жанына батқан ауыр сырқаттан 9 қазан күні 86 жасында қайтыс болды.