«AMANAT» партиясы Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында аудандардағы жаңа мектептердің және жол құрылысына арнайы комиссия тарапынан бақылау жұмыстары жүргізілді. Партияның Түлкібас аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қ.Еркебаев, бақылау комиссиясының төрайымы П.Абдыбекова, аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев жаңа білім ұяларының құрылысымен танысты. Т.Рысқұлов ауылында бой көтеріп жатқан 300 балаға арналған мектептің қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Нысанда 60 адам жұмыс істеуде, 3 ауыр жүк техникасы жұмылдырылған. Білім ғимараты жыл соңында пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ комиссия мүшелері Таусағыз елді мекеніндегі Г.Титов атындағы мектептің қосымша 150 орынға арналған корпусының құрылыс жұмыстарына бақылау жүргізді. Мектептің іргетасы биыл шілде айында қаланған, келесі жылға өтпелі. Зерделеу барысында комиссия мүшелері корпус жанынан АКТ залы құрылысы үшін арнайы жер бөлу керектігі туралы ұсыныс білдірді.
Ал, Сарыағаш ауданында партияның аумақтық филиалының төрағасы М.Отаршиевтің тапсырмасымен жол құрылыстарының сапасына тексеріс жүргізілді. Атап айтқанда Сарыағаш қаласындағы Ә.Омаров, Алтын төбе, Кеме қалған, Байбосын ата, Т.Әубәкіров, Қ.Бердібеков және Жібек жолы ауылдық округіндегі Өркен, Қабланбек ауылдық округіндегі Бірлік, Самал, Ш.Уәлиханов, Жастар, М.Мәметова, Ырысты, Арай көшелеріндегі жол құрылыстарына мониторингтік бақылау жасалды. Бақылау барысында көшелерге төселген асфальт жамылғысының құрамын, тығыздығы мен қалыңдығын анықтау мақсатында кесінді алынып, зертханалық тексеруге жіберілді. Алдағы уақытта ауданға қарасты барлық жол құрылыстары бақылауға алынып, жылжымалы жол зертханалық көліктері және арнайы құралдар арқылы мониторинг жұмыстары жүйелі түрде орындалмақ.
Жалпы ауданда Республикалық маңызы бар 50,4 шақырым, облыстық маңызы бар 241,9 шақырым, аудандық маңызы бар 109,9 шақырым автомобиль жолдары бар. Елді мекендердің ішкі жолдары 984,2 шақырымды құрайды. Жоспарға сәйкес Сарыағаш қаласында 42 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олардың бірқатары ел игілігіне берілді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі