Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Грузия мен Әзірбайжан мемлекеттерінен жеке пайдалануға арналған әкелінген автокөлік құралдары бойынша келесіні хабарлайды.
Қазіргі таңда, Грузия және Әзірбайжан Мемлекеттерінен автокөлік құралдары есептен шығарылмай және Қазақстан Республикасының аумағында кедендік төлемдер мен салықтарды төлемей Қазақстан Респуликасының азаматтары айдап жүргені белгілі. Үшінші елдерден Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінген көлік құралдары өз мәртебесі бойынша шетелдік тауарлар болып табылатындығын (яғни, ЕАЭО тауарлары болып табылмайды) және кедендік бақылауда болатындығын ескерген жөн.
Бұл ретте шетелдік жеке тұлғалар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелуге бір жылдан аспайтын мерзімге жол беріледі.
Мұндай уақытша әкелінген көлік құралдарын декларанттың өзі ғана басқаруға құқылы және меншік құқығын беруге немесе иеліктен шығаруға (сенімхат бойынша сатуға) тыйым салынады. Уақытша әкелінген көлікті сатып алуға және Қазақстан аумағында пайдалануға тек кедендік тазартудан соң және тиесілі кедендік алымдарды және салықтарды төлеген соң ғана рұқсат беріледі.
Егерде Қазақстан Республикасының азаматтары уақытша әкелінген автокөлік құралдарын басқарған жағдайда мұндай автокөлік құралдары кідіртіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескертеміз.
Уақытша әкелінген автокөлік құралдарының уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан соң ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет, алайда шығып кетпеген жағдайда ЕАЭО — ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылатын болады.
Бұл ретте, уақытша әкелінген автокөліктерге қатысты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті арасында бірлесіп рейдттік шараларды ұйымдастыру туралы Жоспары бекітілген. Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция Қызметі басқармасымен тұрақты түрде бірлескен рейдтік іс-шара жүргізілуде.
Қазіргі таңда жоғарыда аталған рейдтік іс-шара жүргізу барысында уақытша әкелінген автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының азаматтары басқарғаны үшін 10 автокөлік құралдары уақытша сақтау қоймасына кідіртіліп, жүргізушілерге әкімшілік жауапкершіліке тарту жұмыстары жүргізілді.
Сондықтан да жоғарыда аталған мәселе бойынша біз барлығын еліміздің заңнамасын сақтауға шақырамыз, өйткені бұл Қазақстан азаматының міндеттерінің бірі.