Негізгі өнімі ауыл шаруашылығы саналатын Жетісай ауданының шаруалары соңғы кездері ауыспалы егісті қолға алып, бау-бақша өсіруге бейімделген. Өйткені, ауыспалы егіс – жердің құнарлылығын сақтаса, бау-бақша өсіру – мол табыстың көзі болып отыр.
Сөзіміздің дәлелі ретінде Түркістан облысы, Жетісай ауданының Атамекен ауылдық округінде орналасқан «Арсенал-Сад» өндірістік кооперативін айтуға болады.
Бүгінде 650 гектар егістігі бар кооператив 380 гектарға қарқынды бау өсіріп отыр. Оның 90 гектары алма, 110 гектары жүзім, 30 гектары өрік болса 168 гектары шабдалы мен шие, анар сынды жеміс-жидектердің көшеттері отырғызылған. «Арсенал-Сад» ЖШС агрономы Ерлік Сәдібековтың айтуынша, өрік алқабының әр гектарынан 20 тоннадан өнім жиналуда. Өнімнің жергілікті базарлардағы бағасы 700 теңгеден басталады.
«Ең алғаш көшетті 2011 жылы отырғызып, 2013 жылы бірінші өнімді алғанбыз. Өнімдерімізді негізінен республика аумағына жөнелтіп, алыс-жақын шет елдерге экспорттаймыз. Әсіресе, Жетісайдың қауындарына Европа елдерінде сұраныс жоғары.
Алғаш сырттан келетін импортты қысқартамыз деген ниетпен бастау алған ісіміз бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Ауылдың біраз азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып, қажетті ауыл шаруашылығын техникаларымызды түгендеп, толықтырып отырмыз»,- дейді Ерлік Сәдібеков.
Алғашында 380 гектарды игеруді бастаған бұл қожалық бүгінде ағын суды үнемдеу, су тапшылығын болдырмау мақсатында тамшылатып суғару әдісін кеңінен меңгерген. Соның нәтижесінде өнім бітік шығып, жоспар асыра орындалуда. Қожалық басшылары алдағы уақытта жеміс-жидектің ізін ала бере пісетін дәмі тіл үйірер жетісайлық қауындарды жоғары бағада экспорттауды жоспарлап отыр.
Бауыржан НАЙМАНОВ.