Түркістан облысының тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызға ие 3623 тонна тауар бар. Күні кеше «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жанынан құрылған мониторингтік топтың сараптама нәтижесі көрсеткендей азық-түлік тауарларының бағаларында біршама өзгеріс байқалады. Мәселен, бірінші сұрыпты бидай ұны 4,1%-ға, құмшекер 1,9%-ға, сары май 1,1%-ға көтерілсе, нан 14,3%-ға, картоп 2,8%-ға төмендеген.
Бүгін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнебайланыс арқылы жиын өткізді. Онлайн отырысқа Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев және өңірлік филиалдың Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев қатысты. А.Раздықұлы аймақтық партия филиалдарының атқарған жұмыстары бойынша баяндамаларын тыңдай келе, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Б.Тәжібаевтың айтуынша облыс аумағында партия филиалдары жанынан әлеуметтік азық-түлік бағаларына сараптама жүргізу үшін 18 жұмысшы топ құрылып, 130 адам енген. Жұмысшы топтар облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, партия белсенділері, БАҚ өкілдері мен жастардан құралды. 28 шілде күні аталған топтар 88 базар мен ірі сауда орындарын аралап, Үкіметтің №145 Қаулысымен бекітілген азық-түлік тауарларының 19 түріне талдау жасады. Мониторинг нәтижесі бойынша облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасына тиісті қадағалау жұмысын жүргізу үшін ұсыныстар жолданды.
Бағаның өсуін тежеу мақсатында апта сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілердің жәрмеңкесін ұйымдастыру, ірі сауда орындарымен тұрақты негізде меморандумға тұру, «әлеуметтік бұрыштар» жұмысын қадағалау, бағаны негізсіз өсіру фактілерін жою мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, тауарларға сауда үстемесін 15%-ға дейін арттыруға жол бермеу жөнінде аталған топтар кешенді шараларды атқаруда. Облыстағы 1463 «Үй жанындағы дүкеннің» 1463-не талдау жүргізіліп, 38 факт анықталды. Нәтижеде бағалар 10-15%-ға дейін төмендетілді. Мониторинг жүргізу жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе тұрақты түрде жалғасады.