Шымкентте “Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысушылардың дені жастар
Шымкентте жас мамандарды жұмысқа орналастыру және зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға лайықты ізбасар дайындауды мақсат еткен “Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысып, жұмысқа жолданып жатқандардың дені — жастар. Солардың бірі — Нилюфар Убайдуллаева.
Нилюфар өткен жылы Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжін “Тігінші” мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы жылдың маусым айының басында ол “Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысуға өтінім берген. Сонан соң қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде жеке кәсіпкер “Қасиет Collection” тігін цехына жолданған. Жас маман аталған өндіріс орнында зейнет жасына жақындаған тігін шебері Гүлчехра Егембердиевамен орын ауыстыратын болады.
— Бұл жұмыс іздеп жүрген немесе жұмыссыз жастар үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренесің. Жобамен келгеніме еш өкінбеймін. Өзімді жақсы қырымнан көрсетсем тұрақты жұмысқа тұруға да мүмкіндік мол, — дейді Нилюфар Убайдуллаева.
Биыл Шымкентте “Ұрпақтар келісімшарты” жобасымен 24 адамды жолдау жоспарланған.
Аталған жобаға қатысушының айлық жалақысы — 91890 тг. Мерзімі — 6 ай.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап, Қазақстанда, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба жас маманды әрі қарай зейнетке шығатын қызметкерді алмастыратындай жұмысқа орналастыруды көздейді.
Жоба шеңберінде, жұмыс беруші, ниет танытушы азаматты кейін зейнетке шығатын адам босататын жұмыс орнына қабылдайды. Шарт 6 ай мерзімге жасалады. Осы уақыт бойы мемлекет жас маманның жалақысын 20 АЕК (55 560 теңге) мөлшерінде субсидиялайды. Осылайша жобаға қатысушы міндетінің мәніне тереңірек үңіліп, тәжірибе жинақтайды және тәлімгер зейнетке шыққанға дейін оны толығымен ауыстыратын жағдайға жетеді. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оны бұрынғы жұмысшының жалақысымен тұрақты жұмысқа қабылдайды.