Бүгін Шымкентте 28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Іс-шара алдымен кеше ғана өмірден озған оңтүстік журналистикасының атасы, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбекті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
БАҚ өкілдерінің спорттық бәсекесін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы, 11 команда болып жасақталған жарысқа қатысушылар спорттың волейбол, шахмат, футбол, үстел теннисі, бильярд және арқан тарту түрі бойынша сайысқа түседі.
Бүгінгі жарыс волейбол ойындарынан басталды.
Дәстүрлі спартакиада жыл сайын БАҚ қызметкерлерінің саладағы жетістігін саралауға, өзара әріптестік байланыс орнатуға, ортаға жаңадан қосылған буынмен танысуға мүмкіндік береді. Биыл да жарысқа қатысушылардың құрамы мығым. Электронды және баспасөз құралдары, әлеуметтік желі блогерлері сапынан 200-ге жуық маман ұжым намысын қорғауға бекінді.
Жарысқа Қазақстан Журналистер Одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы, облыстық ішкі саясат, сондай-ақ, дене шынықтыру және спорт басқармалары қолдау білдіріп отыр.
Жыл он екі ай жаңалыққа жаршы болғандар спорттағы өзара үздіктерін анықтайды. Әріптестеріміз әмбебап маман екендіктерін волейбол, суда жүзу, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, бильярд, арқан тарту секілді сындарда дәлелдемек.
Спорт – салауаттылыққа бастайды. Үнемі жаңалықты алғашқы лекте жеткізуге талпынатын жандардың спортта да бірінші болуға ұмтылатынын білеміз. Ендеше, тартысты ойындардан шет қалмаңыздар, әріптестер.
Шымкент қаласы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы