Түркістан облысының мемлекеттік қызметкерлері 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қуаныш сыйлады. Облыс әкімдігі аппараты мен басқармалар мамандары аймақтағы балалар үйлерінің 156 тәрбиеленушісін Шымкент қаласындағы «FONTAN» аквапаркіне апарып, мерекелік сый жасады. “Балаларға қуанышты күн сыйла!” атауымен өткен игі бастамаға Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының, “Балаларды қолдау орталығы” тәрбиеленушілері қатысты. Бұл бастама аймақтағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан алғаш рет ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар тек бассейінге түсіп қана қоймай, ыстық тағамдармен, түрлі тәттілермен қамтамасыз етіліп, мерекелік атмосфераны сезінді. Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан осындай қайырымды шаралар мемлекет тарапынан да, демеушілердің қолдауымен де тұрақты өткізіліп келеді.
Шара барысында біз балалар үйінің тәрбиеленушілерінің махаббатқа сусап жүргенін аңғардық. Жас тәрбиеленушілер келген қонақтарды өздерінің аға-апаларындай қарсы алып, әншілермен бірге ән айтып, би де биледі. Тәп-тәтті бүлдіршіндеріміздің үлкенге деген құрметін, бауырмалдығын көргенде, сонымен қатар, ең сорақысы сондағы тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің 80%-ның ата-анасы өмірде бола тұрып, олардың екі көзі төрт болып, ата-ананың аялы алақанын аңсап жүргендерін естігенде, көзіңе еріксіз жас келеді.
Концерттік бағдарлама аясында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәтті тағамдар таратылды. Иә, «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі». Осындай игі бастаманы қолға алған орталық ұжымы мұндай іс-шараны тек мерекеде ғана емес, алдағы уақытта жиі ұйымдастыруды жоспарлауда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі