Бүгін «Тәуелсіздік» саябағында 4 – маусым «ҚР Мемлекеттік рәміздері күні» мерекесіне арналған іс-шарасы өтті. 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. 2007 жылдан бастап қазақстандықтар бұл күнді мерекелей бастады.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
ҚР Мемлекеттік Ту ұстаған шерушілер үш топқа бөлініп қала көшелеріне шеруге шықты. Әуелеткен ән, туды желбіреткен 30 автокөлік шерушілері Төле би көшесінен шығып Ордасы алаңында бас қосса, 30 велоспортшылар шеруімен Қазыбек би көшесінен Ордабасы алаңына және Ту көтерген 30 еріктілер Әйтеке би көшесінен Орбасы алаңына келеді.
Тәуелсіздік саябағы, Рәміздер алаңында сағат 10.00-де Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.
Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы және депутаттар, барша патриот жастар қатысты.
Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Қазақтың Көк Туын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтерді.