Шымкент қаласында белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» атты тарихи-көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жаңа туындыны көпшілікпен бірге тамашалады.
Тұсаукесер жиынына қоюшы режиссер А.Сатаев, көркем фильмде басты рөлдерді сомадаған актерлер Б.Айтжанов, А.Әбдіқадыров, Е.Жолжақсынов арнайы қатысып, жаңа туындының ерекшелігін, құндылығын атап өтті. Одан бөлек, түсірілім барысында орын алған қызықты оқиғаларымен де бөлісті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген кинотуынды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Фильм желісі Қасым ханның өмірі, билік құрған кезі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі баяндалған. Қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар рөлі ерекше. Фильмнің атауы қазақ даласында еркіндік таңын атырған ханмен тікелей байланысты.
Тарихи туындыда Қасым ханның елшілік жоралары, сол замандағы ұрыс-керістер мен хандықты нығайтуға бағытталған жұмыстар жайы суреттелген. Бұған дейін фильмнің тұсауы Алматы қаласында кесілген. Мамыр айының ортасында жарыққа шыққан тарихи фильм қалың көрерменнің көңілінен шығып үлгерген. Тарихи-көркем фильм Қазақстанның тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай арнайы түсірілген.
Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Ерік Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, тағы басқа актерлер сомдайды.
Қала тұрғындары жаңа фильмді тамашалап, өнер туындысын жоғары бағалады.