Әл-Фараби ауданы аумағындағы басты 102 көшеге 906 қоқыс жәшіктері орнатылған. Осы орталық көшелердегі 213 аялдама мен 425 қоқыс жәшіктерін күніне 2 рет (таңертең- кешке) жинауға «Build stroi» мердігер мекемесі тарапынан 10 техника мен 180 коммуналдық қызметші жұмылдырылған.
Аудан орталығындағы халық көп шоғырланған 87 аялдама мен 172 қоқыс жәшіктерін күніне 3 рет (таңертең, түсте, кешке) тазарту үшін мердігер мекеменің қосымша мобильдік 4 техника мен 30 қызметшісі жұмыс істейді.
Осы бағыттағы тазалық жұмыстар күнделікті кесте бойынша жүзеге асып отыр. Атқарылған жұмыстың сапасын аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынған.
Жалпы, өткен жылы қаладағы 211 нысанды (саябақ, сквер, ескерткіштер, субұрқақ) күтіп-баптауға бюджеттен 3 млрд 323 млн теңге бөлініпті. Яғни, әкімдік тарапынан керекті қаражат берілген. Ендігі жұмыс–қаланың таза болуы әр тұрғын мен осы салаға жауапты мекемелердің жүйелі жұмысына байланысты болды.
–Үлкен көшелердің тазалығына аудан әкімдіктері, үй айналасына кондоминиум, сауда нысандарының тазалығына келісімшарт түзеген кәсіпкерлер жауапты. Тазалық сақтауға келгенде қараусыз жер болмауы тиіс. Мердігер мекемелер аудан әкімдіктерімен етене жұмыс жасауы қажет. Енді оларға әлеуметтік желідегі сын-шағымдар айғақ ретінде қабылданып, айыппұл салынады. Аула ішіне тұрғындармен келісімшарты бар мекемелер жауапты. Әр тұрғын тазалықты сақтайтындай жұмыс істеуіміз керек,– деген болатын қала әкімі.
Тазалық – денсаулық кепілі. Қала тазалығы – бәріміз үшін жауапты міндет. Қала тұрғындарын қызметкерлердің еңбегін бағалауға, қоршаған ортаны таза ұстауға, қоқыс тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін арнайы қоқыс жәшіктерін пайдалануға, қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлық танытуға, қоғамдық орында тазалықты сақтауға шақырамыз.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі