Еліміздің рухани астанасы Түркістан төрінде 1500 оқушының қатысуымен Құрманғазының «Балбырауын» күйі орындалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстың өнерлі балалары «Dombyra Party» флеш-мобына қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Халық көп шоғырланған ортада, ашық аспан астында ұйымдастырылған ауқымды шаралар қазақтың төл аспабын насихаттап, ұлттық өнерді паш етті.
«Балалар жылы» аясында өткізілетін «TURAN-BALAFEST» онкүндігі аясында өткізілетін 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде өтті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев балаларды мерекемен құттықтап, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздарын марапаттады.
Қазақстан эстрада жұлдыздары, «Заман» тобы, әнші Айдар Байжанов, Түркістан облысының талантты оқушылары өнерлерін көрсетті. Балаларға тегін балмұздақ пен тәттілер таратылды.
Сондай- ақ мерекеге орай «DRONE CHALLENGE» және «ROBO FEST» көрмесі ұйымдастырылып, жас қылқалам шеберлерінің салған таңдаулы суреттері насихатталды.
Айта кетейік, 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі барлық елде 1950 жылдан бері тойланып келеді. Мақсаты балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасауды тағы бір еске салу. Осылайша болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде балаларға арналған мәдени шаралар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйланады.