1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында «Раян» ерекше балаларды оңалту орталығы ашылды. Ашылу салтанатына Қазығұрт ауданының әкімі А.Абдуллаев қатысып, ізгі тілегін жеткізді. Ата-ананың ең үлкен бақыты баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – білімді де отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.
Орталықтың жұмысы ақысыз жүргізіледі, бұл бағытқа арнайы аудан бюджетінен қаражат бөлініп отыр. Орталықтың ашылуы балаларды үш бағытта дамытуға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Мұнда білікті мамандар соңғы емдік әдістерді пайдалана отырып, балаларға кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіп, сауықтыру шараларын жүргізеді. Кешенді ем еркеше балалардың дамып-жетілуіне, қозғалыс пен сөйлеудегі көрсеткіштерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, балалар күні қарсаңында Түркістан қаласында да балаларға арналған оңалту орталығы ашылған болатын. Жаңа технологиямен жабдықталған «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдап, ем-дом көрсетеді. Маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, ем қабылдап жатқан балалармен кездесті. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы заманауи үлгіде жасақталған. Аталмыш шараның бәрі биылғы балалар жылының аясында жүзеге асып жатыр.