Жалпыхалықтық референдумды қолдау мақсатында «AMANAT» партиясының облыстық, аудандық және қалалық филиалдары жанынан 18 штаб құрылған болатын. 6 мамыр күні жұмысын бастаған штабтардың құрамына ел арасында беделі бар, белсенді партия мүшелері мен мәслихаттардың депутаттары, жалпы 475 адам еніп, бір ай бойына облыстың тұрғындарымен түрлі форматта кездесулер өткізді.Бүгін бұл туралы республикалық референдум алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын қорытқан жиында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, партия жанындағы облыстық штабтың төрағасы Бейсен Тәжібаев мәлім етті. Жиынға штаб төрағасының орынбасарлары Қ.Балабиев және Қ.Жантөреева, штаб мүшелері сондай-ақ партия қызметкерлері қатысты.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталғалы бері Түркістан облысында бекітілген желілік кестеге сәйкес 1400-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 110 000-ға жуық адам қамтылды. Сайлаушыларды насихат жұмыстарына көптеп тарту мақсатында кездесулер ашық форматта — көшелер мен аулаларда, базарлар мен егістік алқаптарында, саябақтар мен жеке кәсіпорындарда ұйымдастырылды.
— Облысымызда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 2 толқыннан тұратын желілік кесте бекітілді. Үгіт жұмыстары барысында облысымызға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Д.Мыңбай, Қ.Ержан, Қ.Абасов және С.Ертаев іссапармен келіп, 14 000-ге жуық адамның қатысуымен 200-дей кездесу өткізді. Республикалық штаб мүшелері өңірде насихат жұмыстарына белсене араласты, — деді Б. Тәжібаев.
Сонымен қатар, үгіт жұмыстарының барысында сайлаушылардан 1500-ге жуық ұсыныс-тілектер келіп түсті. Оның 457-і саяси, 434-і экономика, 279-ы әлеуметтік, 137-і білім, 78-і денсаулық, 8-і мәдениет саласына қатысты болса, 83-і әр түрлі сұрақтар.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары БАҚ беттері және әлеуметтік желілерде де жүргізілді. Телеарналар мен баспа басылымдарында 250-дей ақпарат, 500-ге жуық интернет сайттарда жаңалықтар шықты. Әлеуметтік желілердегі ресми және жеке парақшаларда 4000-нан астам жазба жарияланған.
4 маусым заңға сәйкес тыныштық күні деп белгіленген. Бұл күні еліміз бойынша үгіт жұмыстары жүргізілмейді. Облыста 1 162 994 сайлаушы бар. Дауыс беру күні 914 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Штаб жетекшісі Б.Тәжібаев әр учаскеге 2 партия мүшесі тәртібімен 1814 адамнан тұратын бақылаушылар бекітіліп отырғанын мәлімдеді. Атап өтерлік, бақылаушылар дауыс беру процесін бақылап, арнайы бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ олар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына сайлау учаскесінде болып жатқан мәселелер туралы жариялап отырады.
Партиялық штаб жетекшісінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев бір айлық насихат науқанына жанашырлықпен атсалысқан барлық мүшелерге алғысын жеткізіп, референдумда белсенді қатысуға шақырды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі