Түркістан қаласында алғаш рет 1-маусым Балаларды қорғау күні «Жұлдызай» инклюзивті балалар шығармашылығы фестивалі өтеді. Фестивальдің гала концертінде 200-ге жуық талантты балалар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Тамара Асар, Мәдина Сәдуақасова, Рухия Байдукенова сынды эстрада жұлдыздары жас өрендермен қосылып ән шырқайды. Бұл туралы брифингте «Жұлдызай» қорының директоры және жоба авторы Гүлхан Исабаева мәлімдеді.
Фестиваль-байқауға барлығы 5000-нан астам өнерпаз қатысқан. Оның ішінде 829 бала республикалық мәреге жолдама алған. XVII рет өтіп жатқан фестиваль қорытындысы бойынша 165 ерекше бала лауреат атанды. Байқаудың бас жүлдесін Шымкент қаласының «Үміт» көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Айбын Жұмабеков жеңіп алды. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың қабілеттерін танытуға мүмкіндік беретін жоба 17 жыл бойы серіктестердің және демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып келеді.
«Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға өз күштеріне сенім мен үміт сыйлайды! Фестиваль бала тұлғасының шығармашылық дамуына ықпал етеді.
Айта кетейік, Әлихан Смайылов балалар күні қарсаңында «Балалар жылы» аясында көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан жалпы сомасы 48,3 млрд теңге бөлінді. Олардың барлығы нақты орындалуы тиіс. Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.Сондай-ақ ол облыс әкімдіктеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын сауықтыру шараларымен қамтуды, олардың жазғы демалыста бос уақытын пайдалы өткізу мәселесіне көңіл бөлуді тапсырғанын айтқан болатын.
«Адамның бір қызығы – бала деген» деп ақынымыз Абай айтқандай, балалардың білім алып, оларға жан-жақты қамқорлық жасау, құқықтарын қорғау – мемлекеттің маңызды міндеті. Сондықтан кешенді іс-шаралардың барлығы менің тұрақты бақылауымда болады», деді Әлихан Смайылов.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі