Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болады.
Бұл туралы Шымкент қаласының жетінші шақырылған мәслихатының кезекті он алтыншы сессиясында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ілиясов мәлімдеді.
—Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болады. Ол үшін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіліп, орындары анықталды. Сонымен қатар Шымкент-Сити шағын ауданында аумағы 40 гектарлық, Тұран шағын ауданында 37 гектарлық, ал, Сәуле шағын ауданында 2,5 гектарлық саябақ ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, — деді Ғалымжан Молдабайұлы.
Айта кетейік, сессияда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалуы, бағаны тұрақтандыру, инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар және қала аумағын көгалдандыру мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар халық қалаулылары депутаттық сауал жолдады.
Сессия барысында қала әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы, Экспорт жөніндегі өңірлік кеңеспен және «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамдары жаңартылды.
Жиын соңында қала басшысы мегаполистің дамуына елеулі үлес қосатын шешімдердің қабылдануына қолдау жасағандары үшін депутаттар корпусына алғыс білдіріп, бірлесіп қаланың өркендеу бағытында нәтижелі жұмыс атқарылатынына сенімді екенін жеткізді.
Жиын соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов қорытынды сөз сөйлеп, нәтижелі жұмысы үшін депутаттар корпусына алғысын білдірді.