Елімізде азық-түлік, тауар және қызмет бағасы әлі де өсуі мүмкін-деп хабарлайды КТК арнасы Ұлттық банктің дерегінше, наурызда азық-түлік шамамен алты, шикізат сегіз пайызға дейін қымбаттапты. Әлемдегі ахуал тұрақталмай, ол оңалмайын деп тұр. Қымбатшылықтың кесірінен инфляция бес жылдан бергі ең жоғары шекке жетті.
Өткен айда 3,3 пайызға өсіп антирекорд орнатты. Енді Үкімет инфляция шегін қайта қарамақ. Бұрын жоспарланған 6-8 пайыздың орнына, шенеуніктер енді оларды 10 пайызға дейін ұстап тұруға бар күшін салмақ.
Ұлттық банктің инфляция 6-6,5 пайыз болады деген былтырғы болжамы орындалған жоқ. Шартараптағы түрлі саяси ахуалдың өзгеруі экономикаға әсер етіп, енді жаңа антирекордтар орнатып жатыр. Наурызда Қазақстанда инфляция бес жылда болмаған көрсеткіште. 12%-ға бірден көтерілуіне азық-түлік құнының қымбаттауы айтарлықтай әсер етіпті. Ұлттық банк алдағы уақытта инфляция болжамы өсу жағына қарай қайта қаралады дейді.
Қазақстандықтар ақшасын өсімдік майын сатып алуға көп жұмсаған. Наурыз айында оның бағасы 23,2%-ға өсіпті. Дәнді дақылдар да өсімдік майынан қалыспайды. Оның құны 17,1%-ға артқан.
Десе де шенеуніктер азық-түлік бағасының қымбаттағаны “бізде ғана емес” деп ақталып отыр. Бұл ретте БҰҰ қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметін мысалға келтірді. Қалтаны қағатын наурыздағы қымбатшылық әлемде соңғы 30 жылда болмаған ең жоғары деңгейге жеткен.
Ғалымжан Пірматов, Ұлттық банк төрағасы:
— Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосты, олардың өсуі 10,0 пайыздан 15,4 пайызға дейін жеделдеді (бір айда инфляция 5,8%-ға өсті). Орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ бағасының айтарлықтай өсуі байқалды. Наурыздың төртінші аптасының (24-29 наурыз) қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6%-ға дейін өсті.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасымен бірге, шикізат, жанармай, газ да біраз қымбаттапты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құнының шарықтағаны тағы бар. Үкімет қыспаққа алған қымбатшылыққа сыртқы факторлардың әсер еткенін айтады.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
— Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі — инфляцияны ұстап тұру. Наурыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі жылдық инфляцияның деңгейі 12% құрады. Оған, бірінші кезекте, біздің сауда жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауы тікелей әсер етті.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, Қазақстандағы қымбатшылыққа нарықтағы орынсыз алашапқын кінәлі. Халық бірден баға өседі деп дүрлігіп, керегін қымбатына қарамай сатып алады екен. Осыдан соң азық-түлік, тауар, қызмет бәрінің бағасы күннен-күнге шарықтай береді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
— Қазіргі күні бағаның өсуі бар. Әлемдік, жаһандық бағалардың өсуін көріп отырмыз. Біздегі тағамдар экспортқа байланысты. Экспорт бағасына әсер береді. Алты тағам бойынша бізде импортқа тәуелділік, өкінішке қарай, әлі де бар. Сондықтан импорттаған кезде теңгенің бағасы да төмендегеннен кейін, тасымалдау бағасы өскеннен кейін, ол бағаның өсуіне алып келеді.
Негізінен, заң бойынша алыпсатарлар әрбір тауарға 15%-ға дейін үстеме қоса алады. Одан асырғандарға арнайы құрылған мониторинг топ та бірінші рет ескерту береді. Талапты бұзса, айыппұл салынып, қатаң шара қолданылмақ.
Бағаны төмендету, оны тежеу бойынша қолда бар құралдарға қарамастан, атқарушы билік биылғы инфляцияның шегін қайта қарады. Егер алғашында оны 6-8% дәлізіде ұстау міндеті тұрған болса, қазір ол 8-10-ға дейін көтерілді.