Туберкулез – науқас адамнан сөйлеген, жөтелген және түшкірген кезде ауа жолдары арқылы, сондай-ақ ауырған жануардың сүтін шикілей ішкенде, етін шала пісіріп жегенде беріледі.Туберкулез кез келген жаста жұғуы мүмкін, бірақ дұрыс тамақтанбау , жиі суық тиіп ауыру, қосымша ауруларының болуы-АИТВ-жұқпасы, қант диабеті, асқазанның ойық жарасы және басқалардың салдарынан қорғаныс күштері әлсіреген балалар мен ересектерге бұл әсіресе қауіпті.Туберкулез науқастармен қарым-қатынас ұзақ және жиі болған жағдайда да аурудың жұғу қаупы жоғары болады.Көп жағдайда туберкулезбен өкпе тіндері зақымданады, алайда туберкулез микобактериялары барлық басқа ағзалар мен тіндерді: плевраны, лимфа түйіндерін, іш қуысын, несеп-жыныс жүйесін, теріні, буындар мен сүйектерді, бас және жұлын қабықтарын зақымдап, оларда туберкулез ауруын тудырады. Туберкулез ауруының негізгі белгілеріне: екі аптадан артық жалғасатын жөтел , салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру, жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі жатады.Осындай белгілер байқалған жағдайда аймақтық дәрігерге қаралып, тексерілген жөн.
Туберкулез ауруларының алдын алу мақсатында жаңа туған дені сау нәрестелерге, медициналық қарсы көрсетілімдері болмаған кезде, туғаннан кейінгі алғашқы 2-4 тәулікте перзентханада «Кальметт-Герен бациллалары» вакцинасымен (БЦЖ вакцинасы),сол иыққа екпе жасалынады.Екпеден соң, балада арнайы туберкулезге қарсы иммунитет қалыптасады. Қандай да бір себептермен (адамның иммун тапшылығы вирусы немесеЖИТС, шала туылу – дене салмағы 2000 грамнан кем немесе гестациялық жасы 33 аптадан кем, орталық нерв жүйесінің зақымдануы бар туу жарақаттары , құрсақішілік инфекция, қызба және жалпы жай-күйінің бұзылуы) байланысты перзентханада БЦЖ вакцинасы егілмеген балалар бұл вакцинаны, қарсы көрсетілімдер жойылған соң,өз мекен-жайына қарасты емханаларда қабылдайды.
БЦЖ вакцинамен ревакцинациялау, 6 жастағы (1-сынып) дені сау балаларға, республика бойынша бір уақытта оқу жылының бірінші айында (қыркүйек) ұйымдастырылады. Бұл айда мектепте басқа екпелер жасалмайды;
Балаларда туберкулезді анықтау үшін туберкулинді Манту сынамасы, рекомбинантты туберкулезді аллергенмен Диаскинтест сынамасы деп аталынатын диагностикалық тест қолданылады. Нәтижесі «Оң» болған балаларға қажеттілігіне орай, рентген-лабораториялық тексерулер, фтизиопедиатр-дәрігердің кеңесі жасалып, көрсеткіштеріне қарай химиопрофилактикалық ем тағайындалады.
Ал туберкулез ауруының жұғуы жоғарғы қауіпі бар халықтың арасында флюорографиялық зерттеп-қарау жұмыстары жүргізіледі.
Туберкулез ауруымен тиімді күресу үшін, қоғамның барлық мүшелері оның алдын алу, уақтылы анықтау және тиімді емдеу жолдары туралы білуі қажет.
Бірлесіп күрескен жағдайда ғана туберкулез ауруының таралуын тоқтатуға болады.
Ұлжан Туребаева
Шымкент қаласы «QAMQOR GP» емханасының
фтизиопедиатр-дәрігері