Бүгін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына Жолдау жасады.
Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын еліміз зор ықыласпен қабылдады деп ойлаймын. Өйткені, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – ол бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны бөлек, ең бастысы қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген.
Бұл жөнінде Президент: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» — деді.
Мемлекет басшысы Жолдауда қаңтар оқиғасына тоқталып, бұл оқиғаның барлығымызға үлкен сабақ болғанын айта отырып, жаңа саяси реформалармен еліміздің жаңа кезеңге бет бұру уақыты келгенін жеткізді. Өз сөзінде Президент: «Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті» — деді.
Осылай айта келе, Президентіміз жаңа Қазақстанды құру мақсатында жүзеге асырылатын жаңа 10 бағытты айқындап берді.
Атап айтқанда, Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін арттыру қажеттігін атады. Әсіресе, төменгі Палата болып табылатын Мәжілістің өкілеттігін кеңейтіп, Заң шығару құқығын иелену мәселесін жүзеге асыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Парламентке республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуін, осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды.
Одан бөлек, азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру қажеттігін, олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді және мәслихаттардың облыс әкімдерін тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізуді тапсырды. Өз кезегінде, бұл өзгерістердің мәслихаттардың ықпалын күшейтуге, мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтуға қосар үлесі мол болары сөзсіз.
Президент бұдан бөлек, еліміздегі сайлау жүйесін жетілдіру мәселесіне де тоқталды. Ол өз сөзінде: «Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ, сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын» — деді.
Мемлекет басшысы еліміздегі партия жұмысын модернизациялауды тапсырды. Ол Президенттің ешбір саяси партия құрамында болмау қажеттігін және әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына заңды түрде тыйым салу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру – әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болатындығына сенім білдірді.
Президент төртінші билік өкілі атанған бұқаралық ақпарат құралдарының да бәсекеге қабілетті және еркін болуы қажеттілігіне де ерекше тоқталып, БАҚ өкілдерінің халыққа әділ, ашық, шынайы ақпарат таратуы қажеттігін баса айтып өтті. Бұл қағидаттың қазіргі кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызға ие екендігіне де назар аударды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы бойынша Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғандығын, енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыруға бағытталуы қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің кейбір өңірлерінің әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгерту қажеттілігіне тоқтала отырып, республикалық маңызы бар Шымкент қаласының және Түркістан облысының құрылуын жемісті жүзеге асырылған шешім екендігін жеткізді.
Осы тұста, Мемлекет басшысы халықтың ұсыныстарын ескере отырып, жергілікті тұрғындардың мемлекеттік қызмет алу сапасын жоғарылату және олардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында Семей аймағында Абай облысын құруды, оның орталығы етіп Семей қаласын белгілеуді ұсынды. Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы, ойшыл, саяси қайраткер – Абай Құнанбайұлы еліміздің тарихында үлкен із қалдырған адам. Ол әдебиеттің дамуына ғана емес, сонымен бірге Қазақстан, Ресей және басқа да Еуропа елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосқан. Абайдың құрметіне аталған қалалар Қазақстанда ғана емес, Киевте, Ташкентте, Делиде, Каирде және тіпті Берлинде де бар. Сондықтан, Абай облысын құру өте орынды шешім деп білемін.
Сонымен қатар, Президент бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құрып, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болатындығын айтты. Президент бұл шешімдердің тек экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды екендігін жеткізді.
Себебі, үш жүздің басын қосқан Ұлытау – қазақ халқының тарихи орталығы. Далалық өркениет көне мәдениетінің нақ кіндігі. Ұлытауда Жошы хан мен түркі тілдес тайпалардың негізін қалаушылардың бірі Алаша ханға кесенелер көтеріліп, есімдері Алтай, Орал, Қырым, Солтүстік Кавказ және Өзбекстанның халық ауыз шығармашылығында мәңгілік сақталған Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, Ордалық ұлы қолбасшы, әмір Едіге де осында жерленген. Сондықтан, Ұлытау облысын құру – бабалар рухына көрсетілген тағзым әрі әділ баға деп ойлаймын.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы: «Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз» — деді.
Сонымен қатар Президент өз сөзінде: «Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деген ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын», — деді.
Расында, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.
Сондықтан, халық Димаш Ахметұлын әрқашан құрмет тұтып, оның еңбегін жоғары бағалайды.
Бұл шешімдер алдағы уақытта еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосады деп білемін.
Себебі, Түркістан облысының құрылуы мен Шымкент қаласының республикалық деңгейдегі қала атануы өңіріміздің дамуына ерекше серпін беріп, рухани астанамыздың жаңғыруына елеулі қосты. Оған баршамыз куәміз.
Алдағы уақытта Түркістан облысын құру, оның әкімшілік орталығын ұйымдастыру тәжірибесі жаңадан құрылғалы отырған облыстарға көмекші құрал болатындығына сенімдімін.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси ахуал Қазақстанның валюта нарығына және ел ішіндегі қаржының тұрақсыздығына алып келгендігін айта отырып, елден шетел валютасын және алтын құймасын шығаруды белгілі бір мөлшерде шектеу туралы Қаулыға қол қойғандығын жеткізді. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында барлық шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Әрине, Мемлекет басшысы айтқан барлық бастамаларды жүзеге асыру Заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді және біршама уақытты талап етеді.
Бұл жөнінде Президент: «Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек» — деді.
Ең бастысы, аталған бастамалар еліміздегі түйінді мәселелерді шешуге тың серпіліс беріп, бұл жұмыстарды еңсеру арқылы мемлекетіміз өз дамуының жаңа дейгейіне көтеріледі деп білемін.
Өз сөзін қорытындылаған Мемлекет басшысы: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін» — деді.
Президентіміздің жаңа Жолдауы халықтың өмір сүруіне қолайлы, әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталған.
Сондықтан, осы міндеттерді іске асырып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың терезесін жаңа әлемдегі дамыған елдермен тең ету – бәріміздің де ең басты борышымыз. Бұл игі істерге баршамыз бір кісідей атсалысайық, ағайын!
Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев