Шымкент қаласында 14-35 жас аралығында халықтың жалпы санынан 35%-ын құрайтын 365,9 мыңнан астам жас тұрады. «Nur Otan» партиясының 35 жасқа дейінгі мүшелерінің саны 8,3 мың жасты құрайды (қаладағы партия мүшелерінің жалпы санынан 23,8%).
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жастарға байланысты берген нақты тапсырмаларын талқылау мақсатында қала жастарымен кездестім.
«Nur Otan» елімізді жан-жақты жаңғыртуды іске асыруға белсенді атсалысып, Қазақстанды прогрессивті қайта құру мен жаңартудың нағыз қозғалтқышы болуы тиіс.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстанды құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек» – деді. Сондай-ақ, Президент еліміздегі жастардың шынайы мүмкіндіктері туралы ащы шындықты көрсетті.
Нақтырақ айтсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Өкінішке қарай, жастар маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Өйткені, олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр» – деп елдегі табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсініктің бар екенін нақты көрсетті.⠀
Мемлекеттік жастар саясаты – қоғамның стратегиялық ресурстарының дамуының маңызды бағыттарының бірі. Партия құрылған сәттен-ақ жанында Жастар қанатын құру туралы шешім қабылдап, әрдайым жастарды қолдап келеді. Қаншама ауқымды шаралар іске асырылып, нақты жобалар орындалды. Алдағы уақытта кемшіліктермен күресіп, Жаңа Қазақстанды құру жолында жастармен бірлесе отырып, жұмыстарды жалғастыратын боламыз.