Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты банкроттық рәсімнің 3 түрін енгізу ұсыналады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев хабарлады.
Бірінші рәсім.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар немесе жоспар негізінде (5 жылға дейін) қарызды өтеудің басқа мүмкіндіктері бар тұлғалар қолдануға құқылы. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы әзірлейді және сотта бекітіледі (5 млн. теңгеден асатын қарыздары болса). Ол үшін екі жақтың келісімі қажет (борышкер мен кредитор). Жоспарда қарастырылмағанның барлығы, мысалы мүлікті сату көрсетілсе, онда ол шаралар қабылданбайды.
Екінші рәсім.
Егер тұрақты кірісі болмаса және берешекті өтеу бойынша перспективалар болмаса соттан тыс банкроттықты қолдану ұсынылады.
Соттан тыс банкроттық рәсімін 3 жағдайда қолдануға болады:
Біріншісі – Банктер мен микроқаржы ұйымдар алдында 5 жылдан астам берешегі бар тұлғалар;
Екіншісі –12 ай ішінде қарызын өтелмеген азаматтар. Бұл ретте қарыз сомасы 300 мың теңгеден (100 АЕК) аспау керек және оның қарызды өтейтін мүлкі болмауы керек.
Үшінші — Сондай-ақ 6 ай ішінде 5 миллион теңгеге дейінгі (1600 АЕК) қарызы өтелмеген азаматтар сотқа жүгінбей-ақ өзін банкрот деп жариялай алады.
Азаматтар «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Сондай-ақ «E-salyk azamat» қосымшасы арқылы құжаттарды тапсыруға мүмкіндік берілетін болады.
Құжаттарды қабылдағаннан кейін талаптар сәйкестігіне (мүліктің болмауы, мерзімдердің сақталуы және т.б.) автоматтандырылған тексеру өту жүргізілетін болады.
Үшінші рәсім.
Сот банкроттығы рәсімі 5 млн. теңгеден асатын (1600 АЕК) берешек бойынша қолданылады.
Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылуға жатады.
Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.
Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы.
Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды.
Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса (мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.) есептен шығаруға жатады.
Бірақ, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайтынын ескерген жөн.