Бүгін университетімізде Ғылым департаментінің ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей студенттерге арнайы лекция оқыды. Іс-шара п.ғ.д, профессор Серік Пралиев атындағы конференция залында өтті.
Ислам Жеменей – белгілі әдебиетші, шығыстанушы, тарихшы ғалым, ҚР мәдениет қайраткері. Ясауи университетінің жастарымен кездесуге келген профессор, өзі парсы тілінен қазақ тіліне аударған құнды еңбектерінің бірі «Тарихи-Рашиди» кітабы бойынша лекция өтті.
Жиында модератор болған университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев Ислам Жеменейдің қазақ тарихын зерттеуге сіңірген еңбегі мен аударма ісі жөнінде баяндады.
Ислам Жеменей – «Тарихи-Рашиди» кітабын аударуға 20 жыл уақытын сарп етіп, түпнұсқадан қазақ тіліне тұңғыш рет толықтай аударған ғалым. «Тарихи-Рашиди» кітабында тарих пен география, философия, дін, мәсхабтар мен қатар сопылық әдебиет, т.б құнды ақпарат қамтылған. Ол туралы профессор: « Бұл – өте күрделі кітап. Оны толықтай түсіну үшін оқыған адам өзінің тарихынан, мәдениетінен, әдебиетінен жетік хабары болуы керек. Түркі халықтары бүгінгі таңда 6 мемлекет болып бөлінді. Алайда, біздің тегіміз бір. Бізге ортақ тарих беттерін саралау үшін тарихи жазба деректер керек. Міне, ең құнды тарихи бастаушы жазба деректің бірі – Тарихи-Рашиди кітабы»,-деді.
Осылайша, Ислам Жеменей кітапты аударған әр жылдағы, әр томдағы ерекшеліктер мен мазмұнын баяндады.
Профессор 2003 жылы кітаптың бірінші нұсқасын аударса, екінші нұсқаны 2014 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарыққа шығарған. Ал, 2020 жылы үшінші аудармасында қазақ тіліндегі әрбір сөзге түрік тілінде түсініктеме беріп, толық нұсқасын жасап шыққан. Үшінші аудармасында барлығын біріктіре отырып текстология жасап шығарғаны жайында естеліктерімен бөлісті.
Қазақтың ұлттық болмысы, төл тарихы мен мәдениеті көрсетілген кітапта қазақ елі туралы кең анықтама берілген. Бұл аударма болашақ қазақ жұртының ұрпағы үшін үлкен сый екені анық.