Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында Еуразиялық білім кәсіподақтары халықаралық бірлестігінің XV форумы болып өтті.
Халықаралық форумға Түркия, Қазақстан, Румыния, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Македония, Косово, Солтүстік Кипрден білім кәсіподақтары мен ресми орган өкілдерінен құралған делегация қатысты.
Еуразиялық білім кәсіподақтары халықаралық бірлестігінің XV форумының Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында өтуі — Президенттің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейту бастамасын қолдауға бағытталған қадам деп атап өтті форум жұмысын ашқан Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева.
Еуразиялық кеңістіктегі білім кәсіподағының өзекті мәселелері бойынша «Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан, Қырғыз Республикасының білім және ғылым кәсіподағының төрағасы Асылбек Тоқтағұлов, Түрік Республикасының Солтүстік Кипр білім кәсіподақтары төрағасы Акын Манга, Әзірбайжан білім кәсіподағының хатшысы Зафер Мәммадов, Өзбекстан Республикасының білім және ғылым кәсіподағы төрағасы Махмуд Бабаяров, Солтүстік Македония білім кәсіподағының төрағасы Энес Ибрахим, Румыниядағы түрік ұстаздары білім кәсіподағының төрағасы Вилдан Бормамбет, Косово білім кәсіподағының төрағасы Ерол Кара баяндама жасады.
Білім кәсіподақтарының қызметінде сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың еңбегіне ақы төлеуді арттыру, педагогтардың құқықтық және әлеуметтік мүдделерін қорғау, қоғамда мұғалім мәртебесін арттыру мәселелері басым орын алады деп атап өтті форумға қатысушылар.
Форум аясында шетелдік қонақтарға ауқымды мәдени бағдарлама әзірленіп, Түркістан мен Қызылорда өңірінің тарихи орындары мен көрікті жерлері таныстырылды. Мәдени бағдарлама аясында түркітілдес елдердің білім кәсіподақтары басшылары Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне барып, түбі бір түркілер және қазақ хан-батырларының тарихымен танысты. Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып, университеттің Мәдени орталығын, мұражайын тамашалады.
Делегация А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры Ж.Темірбековамен және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесті,
Еуразиялық білім кәсіподақтары халықаралық бірлестігіне мүше ұйымдардың басшылары сондай-ақ Қазақстанның тұңғыш астанасы – Қызылорда өңіріне барды. Шетелдік қонақтар «Қорқыт ата» мемориалды кешенімен, Қызылорда өлкесінің тарихы таңбаланған мұражайымен танысты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қызметімен танысты.
Форм аясында қатысушылар қатысушы елдердегі білім беру жүйесінің мәселелерін талқылады, білім және ғылым қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау бойынша сала кәсіподақтарының міндеттерін айқындады, бірлестікті одан әрі дамыту, оның қызмет аясын кеңейту, бірлескен жобаларды, халықаралық іс-шараларды жүзеге асыру және білім беру саласындағы ақпараттық алмасуды күшейту жолдарын белгіледі, ынтымақтастықты жалғастыруға бағытталған Қарар қабылдады.Түркітілдес елдердің білім кәсіподақтарының Еуразиялық халықаралық бірлестігі Түркияның білім беру кәсіподағының бастамасымен құрылды. 20 жылға жуық уақытта халықаралық бірлестік мүшелікке кіретін салалық кәсіподақтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге және достықты нығайтуға ықпал етіп келеді.
Бірлестікке мүше елдердің құрамы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бүгінде оған Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Румыния, Македония, Косово, Солтүстік Кипрдің білім кәсіподақтары кіреді.