Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде AICTC-2024 халықаралық конференциясы өтті. Ақпараттық коммуникациялық технологиялар және компьютерлер саласындағы жетістіктерге арналған 5-ші халықаралық конференцияның өтуіне «Спринджер» халықаралық ғылыми басылымдар ұйымы мұрындық болды.Жиынды университеттің басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева мен «Спринджердің» Лондондағы жауапты редакторы Анинда Боуз құттықтау сөзбен ашты. Назарбаев университетінің профессоры Др. Прашант Джамуал, Чехияның Білім және әлеуметтік ғылымдар институтының өкілі Томас Чек, «GR Scholastic» ұйымының және Үндістанның Сауда-өнеркәсіптік білім палатасының директоры Др. Амит Джоши «Мектептегі әлеуметтік педагогтың рөлі», «Кәсіпкерлікті дамыту үшін пәнаралық байланыс құру мақсатындағы білім беру технологияларының синергиясы» тақырыптарында баяндама оқыды.
«Спринджер» халықаралық ғылыми басылымының зерттеулеріне арналған бұл жиынға әлемнің әр қиырынан 300-ден аса еңбек жинақталып, іріктелген 80 зерттеу нәтижесі қатысушылар талқысына ұсынылды. Іріктелген мақалалар Қазақстан, Жапония, Қытай, Мысыр, Малайзия, Косово, Бразилия, Сингапур, Чехия, Эфиопия, Британия, Ирак, Индонезия, Бангладеш, Польша, Үндістан, Гана, АҚШ-тан келіп түскенін ескерсек, бұл конференция түрлі географиялық аймақтардың тәжірибесі мен зерттеулерін бір арнаға тоғыстырады.
Зерттеушілер бұл еңбектерінде физикалық мүмкіндігі шектеулі жандар өмірін жаңа технология жетісітіктері арқылы жеңілдету, сондай-ақ, білім беру саласында ақпаратты технологияны қолдану туралы тұжырым жасады.
Бұдан кейін шетелдік қонақтарға арнайы кәдесыйлар табысталып, университеттің «Домбыра» үйірмесіне қатысушы өнерпаздардың орындауында қазақ күйін тыңдады.
Қатысушылар секциялық мәжілісте оқу орнының ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ержан Керімбековтің модераторлығымен секциялық мәжілісте ғылыми зерттеулерді талқылап, ой-пікір алмасты.