Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың ш.м. асатын 3 392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Әкімшілік-іскерлік орталығындағы» көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі мен құрылыс жұмыстары туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.
Тұрғын үй құрылысындағы атқарылып жатқан жұмыстарды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Мәлімдеуінше, 10 айдың ішінде жаңадан салынған 42 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Яғни, жыл басынан бері несиемен және кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Яғни, тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі.
Түркістан облысының әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды.
— Пайдалануға берілген үйлер халықтың барлық талабы мен сұранысына сай болуы тиіс. Бұл – өте маңызды. Үйлердің айналасың абаттандыруға да баса мән берілген жөн. Балалар алаңқайларының сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда. Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуына қала әкімінің және тиісті басқармалардың тікелей жауапты, — деді Дархан Сатыбалды.
Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды пайдалануға беріліп жатқан үйлерді тексеріп, анықталған кемшіліктер бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан заң аясында шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және санитариялық жұмыстарды қолға алып, жандандыруды жүктеді.
Айта кетейік, Республика бойынша баспанамен қамтамасыз ету бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі. Екі жыл бұрынғы статистикаға сүйенсек, 548,4 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, түркістандықтар жаңа баспанаға ие болды. Осылайша тұрғын үйді іске қосудың жылдық қорытындысы жоспардан тыс орындалып, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы толығымен іске асырылды. Қаңтар – қараша айының қорытындысымен облыс аумағында 4356 пәтер пайдалануға берілген.