Облыс орталығына жақын орналасқан кеншілер қаласы Түркістан шаһарымен бірге дамып келеді. Бүгінде Кентауда жаңа тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп, қала тұрғындары табиғи газбен қамтылуда. Кенттің инженерлік-инфрақұрылымдық әлеуеті де жақсара түсуде. Қаладағы индустриялды аймақта жаңа кәсіпорындар ашылып, жергілікті халықты жұмыспен қамту ісі де жақсарып келеді.
Партия жанындағы республикалық штаб мүшесі, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан бастаған үгіт-насихат тобы индустриялды аймақта ораналасқан «Электродеталь» ЖШС-нің жұмысымен танысып, жұмысшыларымен кездесті.
Кездесуге Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов, облыстық мәслихат депутаттары Қалыйма Жантөреева, Марина Лимаренко, қалалық партия филиалының атқарушы хатшысы Досхан Одаманов та қатысты.
Халық қалаулылары зауыт қызметкерлеріне Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңыздылығын түсіндіріп, алдағы референдумға белсенді атсалысуға шақырды.
– Референдум – Жолдауда жарияланған реформаларды халықтың таңдауымен жүзеге асыруды мақсат тұтады. Конституциялық өзгерістер бойынша енді аралас сайлау жүйесі арқылы партияға мүше емес азаматтар да Парламентке сайлана алады. Егер референдумда дауыс берушілер осы өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан жаңа, әділетті Қазақстан құруға мүмкіндік аламыз, — деді Қ. Ержан.
Мұнан соң штаб мүшелері қалалық мәслихат депутаттары, фракция мүшелерімен, қалалық филиалдың бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен және белсенді партия мүшелерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен де кездесті. Сондай-ақ, жаңадан ашылған ардагерлер үйінде ардагерлер мен зиялы қауым, жастардың әртүрлі топтарымен өкілдерімен пікір алмасты.