Шымкентте бүгінде заманауи конгресс-холдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшінші мегаполистегі жаңа шағынаудан – Шымкент ситидің аумағында салынуда. Жаңа өнер ордасының құрылысы барысын жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аралап көріп, ғимараттың сапалы етіп салынуы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, нысанда атқарылып жатқан құрылыс барысын қадағалады. Қазір мұнда әрлеу, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 200-ден астам жұмысшы, 20 техника жұмылдырылуда.
Сонымен, Шымкенттегі жаңа конгресс-холл 5,24 гектар алқапты алып жатыр. 2021 жылы басталған құрылысы 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Ғимарат үш қабатты болады. Онда 2 066 орынға арналған, 5 блоктан тұратын үлкен зал болады. Конгресс-холда, оған қосымша, 80 адамға лайықталған, салтанатты рәсімдерге арналған зал мен 40 орынды баспасөз орталығы да жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, ғимараттың жобасында қызметкерлер мен келушілерге арналған асхана мен кең автотұрақ қарастырылған. Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Көп салалы орталық ретінде іске қосылатын ғимаратта халықаралық конференциялар, фестивальдар мен концерттік бағдарламалар, өзге де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Жұмыс барысын пысықтаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ғимараттың талапқа сай жабдықталуын бақылап, құрылыстың сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.
Бір бұл конгресс-холл ғана емес, қалада көптеген құрылыс жүріп жатыр. Тіпті, республикалық мәртебеге ие болғалы беріШымкентті алып құрылыс алаңына айналды деуге болады. Нарықтық экономикада құрылысқа тікелей қатысатын жауапты мекемелер бар. Құрылысқа қатысушы мердігер мекеме, тікелей сапаны бақылайтын, ЖСҚ-ға сәйкестігін қарайтын техникалық қадағалау мекемесі және авторлық қадағалаушылардың мамандары білім-біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Қалалық құрылыс басқармасы жұмыс тапсырушы ретінде құрылыстың жүргізілуін ұйымдастырады.
Мамандардың айтуынша, егер жауапты мердігер мекеме жүргізген құрылыстың сапасына қатысты сындар, шағымдар айтылса, басқарма өз тарапынан ақаулықты орнына келтіру бойынша тиісті шешімдер қабылдайды. Басқарма мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша бес жылдық келісімшарт жасаған. Басқа өңірлермен салыстырғанда, кепілдеме мерзімінің ең ұзағы да Шымкентте екенін айтуға болады. Яғни, бес жылда қандай да бір ақаулар пайда болса, мердігер компания оны өзінің есебінен қалпына келтіреді.