Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында шетелден әкелінген көліктерді елімізде заңдастыру қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай бүгіннен бастап тіркеу акциясы басталды. Ол республика көлемінде барлық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізілуде.
Бір реттік акцияның алғашқы күнінде Түркістан облысында талапқа сай келген 9 көлік барлық тексеруден өтіп, мемлекеттік нөмір алды.
Бұл акцияға Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көлік қатыса алады. Бұдан бөлек, көлік іздеуде болмауы қажет, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс, сондай-ақ кедендік тазартудан өтуі керек.
Айта кетерлігі, аталған науқанда көлік иелеріне толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тәртіп сақшылары өңірдегі мамандандырылған ХҚКО-да қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша +7 (72533) 5 86 37 call-орталық қоңырауларды қабылдайды. Айта кетейік, елде шетелдік көлікті заңдастыруға арналған сервис іске қосылды. eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильдік қосымшасында шетелден әкелінген көліктерді заңдастыруға арналған сервис іске қосылды. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлайды. Сервис жеке тұлғалар үшін 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 1 шілдеге дейін қолжетімді болады. ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 11 қаңтардағы №13 қаулысына сәйкес, қазақстандықтар Қазақстан Республикасына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді eGov.kz порталының «Автокөлікті заңдастыру үшін тексеру» атты жаңа сервисі арқылы заңдастыра алады. Жаңа сервис тек электрондық өтініш беруге арналған. Өтініш бойынша B (жеңіл автомобильдер) және D1 (микроавтобустар) санатындағы көліктердің келесі талаптарға сай келу-келмеуі тексеріледі:
— көліктің 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі;
— көліктің қандай да бір қылмысқа қатысы болмауы;
— кедендік рәсімдерден түгел өтуі.
Жаңа сервисті Электрондық үкімет порталының басты бетіндегі «Сервистер» бөлімінен және «Көлік және коммуникациялар» — «Автомобиль көлігі» бөлімінен табуға болады. Ал eGov Mobile мобильдік қосымшасында «Жүргізу және көлік» бөліміне кіру қажет.
«Шетелдік автокөліктерді заңдастыру рәсімі екі кезеңде жүреді. Автокөлік иелері алдымен, eGov.kz порталында өтініш беруі қажет, содан кейін автокөлікті тексеру, көлік құралын тексеруден өткізу, тіркеу алымын төлеу және мемлекеттік нөмірді алу үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі керек»,- деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Хабарламаны алғаннан кейін автомобиль иесіне автокөлікті тексеру, көлік құралын тіркеуден өткізу, 200 мың теңге мөлшерінде тіркеу алымын төлеу, мемлекеттік нөмір мен көлік құралының куәлігін алу үшін автоХҚКО жанындағы тексеру пунктеріне көлік құралын ұсыну қажет.
Жаңа сервисті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті мен ҚР Ішкі істер министрлігі бірлесіп жасаған.