Түркістан облысында ресейлік нөмір таққан Nexia маркалы көліктер көп тіркеліп жатыр.
Шетелдік көліктерді заңдастыру шарасы басталған алғашқы күні Түркістан облысындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 500-ге жуық азамат өтініш берген. Бірінші күні 9 азамат көлігін тексеруден өткізіп, құжат алды.
Алғашқы болып көлігін тіркеген азаматтың бірі — Түркістан қаласының тұрғыны Оңғар Әлиев. Ол 1,5 жыл алдын Ресейден әкелген Nexia маркалы автокөлігін небары 2 сағат ішінде толық тексеруден өткізіп, қазақстандық нөмір алды. Көлік жүргізушісі Мемлекет басшысының осындай қолайлы жағдай жасағанына, халықты қолдағанына алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында шетелдік көліктерді заңдастыру 5 жерде жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, Түркістан қаласында және Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш аудандарындағы мамандандырылған ХҚО-да өтініштер қабылданады.
Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша +7 (72533) 5 86 37 call-орталық қоңырауларды қабылдайды.
Аталған акцияға Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көлік қатыса алады. Бұдан бөлек, көлік іздеуде болмауы қажет, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс, сондай-ақ кедендік тазартудан өтуі керек.
Айта кетейік, елде шетелдік көлікті заңдастыруға арналған сервис іске қосылды. eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильдік қосымшасында шетелден әкелінген көліктерді заңдастыруға арналған сервис іске қосылды. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлайды. Сервис жеке тұлғалар үшін 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 1 шілдеге дейін қолжетімді болады. ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 11 қаңтардағы №13 қаулысына сәйкес, қазақстандықтар Қазақстан Республикасына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді eGov.kz порталының «Автокөлікті заңдастыру үшін тексеру» атты жаңа сервисі арқылы заңдастыра алады. Жаңа сервис тек электрондық өтініш беруге арналған. Өтініш бойынша B (жеңіл автомобильдер) және D1 (микроавтобустар) санатындағы көліктердің келесі талаптарға сай келу-келмеуі тексеріледі:
— көліктің 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі;
— көліктің қандай да бір қылмысқа қатысы болмауы;
— кедендік рәсімдерден түгел өтуі.
Жаңа сервисті Электрондық үкімет порталының басты бетіндегі «Сервистер» бөлімінен және «Көлік және коммуникациялар» — «Автомобиль көлігі» бөлімінен табуға болады. Ал eGov Mobile мобильдік қосымшасында «Жүргізу және көлік» бөліміне кіру қажет.
«Шетелдік автокөліктерді заңдастыру рәсімі екі кезеңде жүреді. Автокөлік иелері алдымен, eGov.kz порталында өтініш беруі қажет, содан кейін автокөлікті тексеру, көлік құралын тексеруден өткізу, тіркеу алымын төлеу және мемлекеттік нөмірді алу үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі керек»,- деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Хабарламаны алғаннан кейін автомобиль иесіне автокөлікті тексеру, көлік құралын тіркеуден өткізу, 200 мың теңге мөлшерінде тіркеу алымын төлеу, мемлекеттік нөмір мен көлік құралының куәлігін алу үшін автоХҚКО жанындағы тексеру пунктеріне көлік құралын ұсыну қажет.
Жаңа сервисті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті мен ҚР Ішкі істер министрлігі бірлесіп жасаған.